Алматыдағы Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешені рекордтар ордасына айналуы мүмкін -ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда биыл алғашқы кезеңі іске қосылғалы отырған Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешені рекордтар ордасына айналуы мүмкін.
None
None

Бұл жайлы қыркүйектің 25-26-сы күндері шаңғымен тұғырдан секіруден Құрлықаралық кубок жарысын ұйымдастырушылар бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында мәлім етті.

"Әлемде К95 және К125 сияқты 500 шаңғымен тұғырдан секіру нысаны бар. Ал Алматыда биыл алғашқы кезеңі іске қосылғалы отырған кешеннің әзірге әлемде еш теңдесі жоқ. Онда барлық қосалқы ғимараттар мен жарыс көрермендеріне ыңғайлы жағдай қарастырылған. 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарынан кейін жүзеге асырылатын кешен құрылысының 2-ші кезеңінде спорт залы, жүзу бассейні, оқу орталығы салынғалы отыр", дейді ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті, "VII Қысқы Азия ойындары" бойынша Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Павел Новиков. Оның айтуынша, әлемдегі өзге шаңғымен тұғырдан секіру нысандарында тұрақты көрермендерге арналған трибуна мен басқа да қызметтердің қосалқы нысандары жоқ. Олар жарыстар болатын кезде ғана құрастырылып, одан кейін басқа жерге ауыстырылып отырады. Халықаралық шаңғы федерациясының талаптарына толықтай сай келетін жаңа кешенде спортшыларға да, көрермендерге де барлық жағдай жасалған.

"2011 жылғы қысқы Азия ойындары дирекциясының" Алматы қаласындағы директоры Сұлтанмахмұт Шоқпытовтың сөзінен қарағанда, шаңғымен тұғырдан секіру кешені құрылысының алғашқы кезеңін жүзеге асыруға 14 миллиард теңге жұмсалмақ. Ал екінші кезеңнің қай уақытта аяқталатыны әзірге белгісіз.

"Мұндай ірі спорт кешендерін бірден іске қосу мүмкін емес. Олар барлық елде де кезең-кезеңімен біртіндеп пайдалануға беріледі. Бұл қалыпты жағдай", дейді Павел Новиков.

Соңғы жаңалықтар