Алматыдағы ХҚО-да келіншек босанып қала жаздады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық келіншек Халыққа қызмет көрсету орталығында босанып қала жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жағдай Алматыдағы ХҚО бірінде жақында болған. Ол туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемелкеттік корпорациясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«7 қараша күні Алия Алтуняй Медеу аудандық ХҚО-ға бала туғанға дейінгі құжаттарын реттеуге барған. Кезекке тұру талонын алып үлгерместен Әлияның толғағы басталып кеткен. Жедел жәрдем келгенге дейін Әлия орталық директорының кабинетінде қызметкерлердің бақылауында болған. Жедел жәрдем келгенде оның толғағы күшейіп, перзентханаға жете салысымен екі қызды дүниеге әкелді», - дейді Мұрат Жұманбай.
Медеу аудандық ХҚО қызметкерлері оның босанып, ауруханадан шығуын асыға күткенін айтады. Перзентханадан шығатын күні орталық қызметкерлері оны құттықтауға барған.
Әлияның айтуынша, егіздер отбасының тұңғышы емес, қыздардың Әли есімді ағалары бар. Отбасы егіздерге Эда, Элиф деп ат қойған. Отағасының ұлты түрік болуына байланысты осындай ерекше есім берілген. Анасының айтуынша, Эда, Элифтің мағынасы «жомарт», «сабырлы» дегенді білдіреді. Егіздердің де, олардың анасының да жағдайы жақсы. Бүгін Әлия бала тууына және күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны алуға келді», - дейді Мұрат Жұманбай.