Алматыдағы карантин шараларына ренжігендер болды – рестораторлар қауымдастығының басшысы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында енгізілген бір апталық қатаң шектеу шараларына қатысты ақпаратты кәсіпкерлер әр түрлі қабылдады. Арасында ренжіп-ашуланғандар да болған. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының басшысы Гүлнар Кәтібаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы карантин шараларына ренжігендер болды – рестораторлар қауымдастығының басшысы

Оның айтуынша, рестораторлардың бірнеше чаты бар. Жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысандарының иесі бір аптаға жұмыс тоқтайды деген жаңа қаулыны жақсы қабылдаған жоқ.

«Бұл түсінікті жағдай. Оның үстіне шектеу шаралары халық демалатын мереке күндерімен тұспа тұс келетін болған соң ашуланғандар болды. Ал бұрыннан жұмыс істеп жүрген рестораторлар байсалдылық танытты», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол қазір қалада инфекцияның өршіп тұрғанын тілге тиек етті.

«Қазір халықтың көбі ауырып жатыр. Оның ішінде кәсіпкерлердің туыстары да, таныстары да, өздері де бар болуы мүмкін. Сондықтан әрине, алғашқы эмоциялар басылған соң олар денсаулықтың маңыздырақ екенін түсінді. Қалыпты жұмыс режиміне оралу үшін бір апта талапты қатаң сақтап, эпидемиологиялық жағдайды оңалту қажет екенін өздері де айтты», - дейді Гүлнар Кәтібаева.