Алматыдағы қару дүкендерін кәсіби мамандар тонаған
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қару-жарақ дүкендерінен 1 424 атыс қаруы ұрланған. Ол қарулардың көпшілігі атуға бейімделген және халыққа нақты қауіп төндіреді. Бұл туралы қалалық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Торларды көліктермен жұлып, арнайы дайындалған құрылғымен сындырды. Оларда бәрі болды. Қолғаптармен жұмыс істеді, ал қолғаптар – арнайы. Мұнда кәсіби мамандар жұмыс істеді. Өйткені дүкен кәсіби түрде ашылған. Оларда көп уақыт болмады, сол себепті торларды сындыра бастады», – деді «Арма-56» мамандандырылған қару-жарақ дүкенінің директоры Александр Алексеенок.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта қалада қаруды, оның ішінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланғандарды іздестіру және тәркілеу, сондай-ақ қаладағы қылмыстық ахуалды жақсартуға бағытталған «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтіп жатыр.
«Осы дүкендердің қоймаларында сөрелерге қойылған қолданыста емес қарулардың құрамдас бөліктері, сондай-ақ атуға жарамды қарулар да сақталған. Кейбір дүкендердегі қылмыскерлер атуға жарамды қаруға жетіп үлгерген, содан кейін оларды ұрлап кеткен. Қолданыста емес қаруды, егер құрамдас бөліктері бар болса, бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы қолданылуы мүмкін екендігін ескертемін. Азаматтардан заңсыз қару сақтау фактілері анықталса немесе табылса, өз еркімен тапсыруларын сұраймыз. Қаруды өз еркімен тапсыру қылмыстық жауапкершіліктен босатады», – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.