Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындары мен қонақ үйлердің 43 пайызы Ashyq жобасына қатысады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындары мен қонақ үйлердің 43 пайызы Ashyq жобасына қатысады. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, мегаполисте 9 600-ден астам кәсіпорын Ashyq қосымшасын қолданады. Оған 7 017 жеке кәсіпкер мен заңды тұлға тіркелген. Оның 43,5 пайызы – қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлер.
Сонымен қатар, ол 32 қызмет түрі бойынша кәсіпорындар жобаның қатысушысы бола алатынын жеткізді. Егер 2 тамыздағы жағдай бойынша Алматы қаласында барлығы 6 419 қатысушы болса, бүгінде олардың саны 9 611-ге жетті.
«Ashyq қосымшасын тиімді пайдаланатын 5 қызмет түрін атап өткім келеді. Бұл тізімге қоғамдық тамақтандыру объектілері – 2755 қатысушы, қызмет көрсету объектілері (сұлулық орталықтары мен салондары, маникюр мен педикюр, косметикалық және сұлулық шаштараз қызметтері) - 1548, бөлшек сауда объектілері –1508, білім беру объектілері – 1149, фитнес және спорт клубтары - 543 кіреді. Еріктілер саны артты», – деп қосты Айтуар Қошмамбетов.