Алматыдағы қонақ үйдегі сәби өлімі: куәгер көргенін айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 1,5 жастағы қызының өліміне күдікті Ұлыбритания азаматы Баракат Мохамедтің соты жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бес жұлдызды InterContinental қонақ үйінде болған оқиға Алматыны дүр сілкіндірген болатын.
Бүгін онлайн сотта қонақ үйдің ауысым қызметінің басшысы Мәди Әлімхановтан жауап алынды.
«24 қазанда жұмыс кестесіне сәйкес мен жұмыста болдым. Таңғы 8-ге таман қызмет телефонына күзетші хабарласып ресепшнге келуімді өтінді. Ресепшнге келгенде баласын құшақтаған әйелді көрдім. Жылап тұр екен. Бала көгеріп кеткен, көзі жұмылған. Әйел «баламды ұрды, өлтірді» деп айғайлап жатты. Мен бірден қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасарын шақырдым. Ресепшнге барлық қызметкерлер жиналды. Одан кейін әйел сегізінші қабатқа көтеріліп, 801 нөмірге баруымызды өтінді», - деді куәгер.
Оның айтуынша, қызметкерлер 801 нөмірге көтерілген. Олар келгенде еуропалық нәсілді 35-40 жастағы ер адам ваннада жатқан.
«Ер адам есін білетін сияқты көрінді. Бірақ, көзі есірткі қабылдаған адам сияқты түпсізденіп тұрды. Біз бірден нөмірден шығып кеттік», - деді ол.
Мәди Әлімханов жедел жәрдем мен полиция қызметін күтіп алу үшін төменге түскен.
«Полициямен бірге барғанда әлгі адам дәлізде жатты. Қолына кісен салынғанда ашуланып, ағылшынша былапыт сөздер айта бастады», - деді куәгер.
Айта кету керек , келеңсіз жағдай 2019 жылы 24 қазанда болған еді.
Алматыдағы InterContinental қонақ үйінде 1,5 жастағы София Баракат есімді сәби көз жұмған болатын.
Полиция күдікті ретінде оның әкесі Баракат Мохаммедті ұстады.