Алматыдағы конференцияда 5 институционалдық реформаны жүзеге асырудың тұжырымдамалық негіздері талқыланды

Мәслихатта Елбасы Н. Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың тұжырымдамалық негіздері талқыланды.
«Бүгінде мемлекеттің, елдің біртұтастығын сақтауда Қазақстанның тәжірибесі әлемдік маңызға ие болып отыр. Мемлекет басшысының қай кезде де бәсекеге қабілетті, болашағы біртұтас ұлтты қалыптастырудағы мақсаты - нағыз азаматтық қоғам құру. Онда қазақ ұлтынан басқа ұлттардың барлығы қазақ болып кетпейді. Олар өздерінің тілін, мәдениетін сақтайды және қазақстандықтар болып аталады. Бірақ қазақ ұлтының төңірегіне бірігеді. Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымының маңызы өте зор. Сәйкесінше ,тілдің үштұғырлылығы саясаты қазақстандықтарды біріктіре түсетін күш. Тіл арқылы білім келеді. Ал білім арқылы халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түседі», - деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, философия ғылымдарының докторы Марат Хасанов.
Конференция жұмысы: «100 қадам - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жоспары», «Қазіргі замандағы бірегейліктің психологиялық мәселелері», «Ұлттық бірегейлік пен Мәңгілік ел идеяларының білім беру мазмұнында көрініс табуы», «Қазіргі замандағы этно-діни және мәдени сәйкестендіру», «Қазақстан жастарының құндылықтары мен бірегейлігі» тақырыптары бойынша ұйымдастырылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен бүгінгі ғылыми шараға қаладағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары мен студенттері және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.