Алматыдағы крематорий неге пайдалануға берілмей тұр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда крематорийдің құрылысы 2021 жылдың соңында аяқталды, бірақ оны пайдалануға беру үшін объектіге сыртқы инженерлік желілерді жеткізу қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы крематорий неге пайдалануға берілмей тұр

Крематорийдің нақты қашан ашылатыны белгісіз. Алматы қаласының құрылыс басқармасы жобаның екі бөліктен: ғимарат пен инженерлік желілерін салудан тұратынын хабарлады.

«Ғимараттың құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылы желтоқсан айында аяқталды. Бүгінгі күні крематорийді пайдалануға беру үшін нысанға сыртқы инженерлік желілерді жеткізуді аяқтау қажет. Сыртқы желілер бойынша құрылыс-монтаждау жұмысын тоқтата тұру – крематорийдің жұмыс істеуі үшін жобаны түзетуге байланысты болды. Түзету газ құбырының магистральдық трассасының өзгеруіне (шығарылуына) байланысты жүргізілді», - деп хабарлады басқармадан.

Бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, нысан екі ауысымдық жұмыс кезінде тәулігіне 23-24 кремация өткізу қабілеттілігіне есептелген. Бұл ғимарат тек кремацияға арналған, қоштасу рәсімін өткізу мүмкіндігі бар екінші типтегі крематорий болмақ. Сондай-ақ, крематорий ғимаратында әкімшілік және жұмысшыларға арналған бөлмелер орналасқан. Сондай-ақ, душ, киім ауыстыратын бөлмелер, ғұрыптық керек-жарақтар дүкені бар.

«Ғимараттың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған соң пайдаланушы ұйым уәкілетті органдармен кремация саласындағы заңнамалық регламентті (қаржыландыру көзі, кремациялауға жататын азаматтардың санаты, крематорийдің жұмыс істеу қағидасы) кеңейту бойынша жұмыс жүргізетін болады», - деп толықтырды ведомстводан.

Еске салайық, Алматы әкімдігі крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға тендер жариялаған болатын.

Крематорийдің құрылыс жұмыстары 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталды. Оны 2022 жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарланған.

Алайда, крематорийді ашу және пайдалануға беру бірнеше рет кейінге қалдырылды.