Алматыдағы «Мәскеу» метро стансасында «Өткен соғыс жаңғырығы» көрмесі ашылды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Мәскеу» метро стансасында «Өткен соғыстың жаңғырығы» фотокөрмесі ашылды.
Мұнда Алматы тарих мұражайы мен мұрағаттар қорынан соғыс жылдарының сирек фотодеректі материалдары қойылған.
«Ұлы Отан соғысы майдандарында 1 млн.-нан астам қазақстандықтар шайқасты. Соғыстың алғашқы айларында-ақ Алматы қаласында кейіннен 8-ші гвардиялық дивизия деп аталған 316 атқыштар дивизиясы, 391-ші атқыштар дивизиясы, 39-шы айрықша курсанттық бригада, 100-ші қазақ ұлттық бригадасы және басқалары жасақталып, Мәскеуді, Ленинградты қорғауға, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі, Еуропаны азат етудегі, Берлинге шабуыл жасаудағы шайқастарға қатысты», - деп әңгімеледі Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері, профессор Қайдар Алдажұманов.
Ол Алматы 40-ға тарта өнеркәсіп кәсіпорындары мен көшірілгендерді қабылдап, майданның маңызды тірегі болды, деп атап өтті. Соғыс жылдарында кинотеатр экрандарына Алматыда құрылған Орталық біріккен киностудияда жасалған 23 кинолента шығарылды.
«Біз қаладағы ауқымды өзгерістердің куәгерлері болғанымыз үшін бақыттымыз. Мен өз өмірімде көптеген елдерде болдым, бірақ та біздегідей тамаша метро сирек. Жауынгерлер қазіргі ұрпақ гүлденген және тәуелсіз мемлекет құруы үшін шайқасты», - деді Брестіні қорғаушы, ардагер Ғаббас Жұматов.
Мектеп оқушыларының концерттері мен «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнері шараның мерекелік шырайын келтірді.