Алматыдағы муралдың барлығын заңдастыру қажет - Ерболат Досаев

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде қаладағы муралдар мәселесіне қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімімен болған кездесуде қала тұрғыны муралдарға қатысты сұрақ қойды. «Алматыда жеке компаниялардың кесірінен қала келбетіне зақым келмейтіндей тәуелсіз көркемдік сараптама құруға бола ма?», - деп сұрады қала тұрғыны.

Ерболат Досаев ішінде муралдар жеке болатын Алматының дизайн-кодын әзірлеу жұмысы аяқталуға жақын екенін айтты.

«Қаладағы муралдарға ресми мәртебе беру қажет, әйтпесе, муралдардың мәселесі шешілмейді. Қазіргі таңда Алматының дизайн-кодын әзірлеу жұмысы бітуге жақын. Онда муралдар жеке болады, ал жарнаманы орналастыру мен басқа да өзгерістер қалалық құрылыс және урбанистика басқармасымен келісілуі тиіс», - деді Ерболат Досаев.

Қаладағы «Coca-cola Қазақстан» компаниясының жарнамасына қатысты мәселе Мүлік иелері бірлестігі жұмысының салдарынан болды.

«МИБ өкілдері шартқа қол қойып, 1,5-2 млн теңге алған. Ал компания үйдің қабырғасына жарнаманы орнатып, оны «біздікі» деп хабарлаған және дұрыс істеген. Себебі, бізде бүгінгі күні муралдармен не істеуге болатыны туралы нақты ереже жоқ», - деді қала әкімі.

Ол сондай-ақ қалада бүгінгі күні әртүрлі муралдар бар екенін айтты. Олардың кейбірі қорғауды қажет етеді

«Қалада әртүрлі муралдар бар. Қорғауды қажет ететін көркем туындылар мен әр уақытта түрлі себептермен салынған муралдар бар. Соңғысы қаланы безендірмейді. Біз аудандар бойынша муралдардың тізімін жасап, белгілейтін боламыз. Жалпы, муралдарды заңдастыру қажет. Біз қаладағы ғимараттардың сұр қабырғалары көркем түрде болуы үшін суретшілермен жұмыс істейтін боламыз. Мен бұған көмектесуге дайынмын», - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Еске салайық, Алматыда Абылай хан даңғылы, 59/61 мекенжайындағы тұрғын үйдің қасбетіндегі қар барысының муралы «Coca-cola Қазақстан» компаниясының жарнамалық муралына ауысқан болатын.

Кейін «Coca-Cola Қазақстан» компаниясы тұрғындардан кешірім сұрап, мурал қайта қалпына келтірілетінін айтты.


Соңғы жаңалықтар