Алматыдағы Наурызбай ауданының сумен қамтамасыз ету желілерінің 32 пайызы әлі де жеке қолда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2016 жылы Наурызбай ауданының үш шағын ауданы орталықтандырылған су желісімен толығымен қамтамасыз етіледі.
None
None

Бұл туралы кеше Алматы қаласы әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті жанындағы Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысында қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ермек Үсенбаев мәлім етті.

«Су шаруашылығы бойынша Наурызбай ауданы тұрғындарынан шағымдар көп түсіп жатыр. Бұл түсінікті де. Ауданда сумен қамтамасыз ету желілерінің 60 пайызы қалалық коммуналдық шаруашылықтың қарамағына әлі өткен жоқ. Неге? Өйткені, желінің 32 пайызы әлі де жеке қолда. 24 пайызы қараусыз жатыр немесе сапасы сын көтермейді. Сондықтан, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында желілерді жүргізуге 2014-2015 жылдары 9 млрд. теңге бөлінген. Алдағы жылы «Қалқаман-1», «Қалқаман-2» және «Қалқаман-3 ықшамаудандары су желілерімен қамтамасыз етіледі. Барлығы 27 көшеде ауыз су және кәріз желілері жүргізіледі. Сонымен қатар, көшелерге асфальт төселеді», - деді Е. Үсенбаев.

Сондай-ақ, ол Наурызбай ауданы бойынша қаланың жоғары жағында, яғни тау бөктерлерінде орналасқан елді мекендерге де су желілері тартылатындығын жеткізді.

«Мұнда саяжайлық серіктестіктер әлі де газмен қамтамасыз етілген жоқ. Мұнда да қараусыз қалған желілер бар. Біз «Алматы қаласын дамыту-2020» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 152 млрд. теңге болатын 100 жобаны әзірлеп қойдық. Оның ішінде 48 млрд. теңге газбен қамтамасыз ету және кәріз жүйелерін қалпына келтіруге бағытталады. Ал 51 млрд. теңге жылумен қамтамасыз етуге жұмсалады», - деді Е. Үсенбаев.

Соңғы жаңалықтар