Алматыдағы оқиғалардан кейін Тәжікстан мен Өзбекстан қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыдағы оқиғалардан кейін Тәжікстан мен Өзбекстан әуежайлар мен шекарадағы қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлады ТАСС.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон елдің күш құрылымдары мен құқық қорғау органдары басшыларымен жиын өткізді, деп хабарлады Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі.
"Жиында мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңның ұлықтығы, мемлекеттік шекараны нығайту, қылмыспен, соның ішінде заңсыз есірткі айналымымен күресу мәселелері қаралды ", - делінген хабарламада.
Президент жарлығына сәйкес, Тәжікстан МҰҚК және өзге де құқық қорғау органдары ел әуежайлары мен ұшақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қосымша шараларын қабылдады. Жарлықты жүзеге асыру аясында террористік актілерді, әуе кемелеріне, авиациялық ғимараттар мен құрылымдарға шабуыл жасауды анықтау, алдын алу және жою бойынша жедел-іздестіру шаралары жүзеге асады.
Алматыдағы оқиғалардан кейін өзбекстандық-қазақстандық шекара күшейтілген бақылауға алынды. Өзбекстанның ҰҚҚ мемлекеттік шекараны күзету бойынша комитетінің ақпаратынша, мұндай жағдайда шекарашылар белгіленген кесте бойынша жұмыс жасайды.