Алматыдағы онкологиялық диспансер есепшісі 53 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облыстық онкологиялық диспансерінің бұрынғы есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қылмыстық іс Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында қаралды.

Сот айыпталушының 2012 жылдың қаңтар айынан бастап 2015 жылға дейін кәсіпорынның есеп айырысу шотындағы электронды жүйеге қол жеткізіп, бас есепші қызметін атқара отырып, үшінші тұлғалардың шоттарынан бюджет қаражатын негізсіз аударып, кейін ол ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып келгенін анықтады.

«Алматы облыстық онкологиялық диспансері» ШЖҚ МКҚК-ға 53 млн теңгеден астам шығын келтірілген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталушы М.-ның ұрланған ақшаға жер телімін алып, ол жерге тұрғын үй салып, қымбат көліктер сатып алғаны анықталды.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетіндігін айтты. Прокурор тағылған айыптар бойынша оны кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот айыпталушының өз кінәсін толық мойындағанын, әрі балалары барын ескеріп, жазасын жеңілдетті.

«Сот үкімімен М. Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға шеттетіліп, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Алматы қаласы Медеу ауданы №2 аудандық сотының баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар