Алматыдағы өрт: Мердігер компания жауапқа тартылатын болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Назарбаев көшесіндегі үйдің шатыры құрылыс жұмыстарының өрт қауіпсіздігі сақталмағандықтан тұтанған. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Назарбаев 43» мекенжайындағы 5 қабатты үйдің шатыры өртеніп жатқаны туралы хабарлама 11:58-де түскен.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жетті.
5 қабатты үйдің шатырында жиналған битум өртенген.
Тілсіз жау 10 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрт 12:31 сөндірілді.
Төтенше жағдайдан ешкім жапа шеккен жоқ. Өрт сөндірушілер 30 адамды, оның ішіндже 4 баланы қауіпсіз жерге көшірді.
Мамандардың айтуынша, өрт битумды ашық отта қыздырудан шыққан.
«Құрылыс жұмыстары кезінде битум ашық отпен қыздырылған. Бұл өрт қауіпсіздігін өрескел бұзу деп саналады. Мердігер компания әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деді қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.