Алматыдағы өрт: тұрғындар 20 қыркүйекте үйлеріне оралады, оған дейін уақытша баспанамен қамтылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша «Ақкент» тұрғын үй кешенін салған компаниямен келіссөз жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөз қорытындысы бойынша мынадай шешімдер қабылданды:
- 2 қыркүйекке дейін «Ақкент» ТК пәтерлерінде электрмен жабдықтауды қалпына келтіру;
- құрылыс салушының қаржысы есебінен кіреберіс алаңдарына жөндеу жүргізу;
- құрылыс салушының қаржысы есебінен есіктер мен терезелерді ауыстыруға, құтқару операциясы барысында тартылған балкондарды жөндеуге жұмсалатын шығындарды өтеу;
- пәтерлерде әрлеу жұмыстарын жүргізу (қабырғаларды, төбелерді бояу), ал жөндеуден кейінгі жұмыстарды тұрғындар өздері жүргізеді;
- барлық жұмыстарды аяқтап, тұрғындарға пәтерлерге 20 қыркүйектен кешіктірмей кіруге рұқсат беру;
- пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде тұрғындарға уақытша тұру бойынша шығыстарды өтеуге немесе ТЖ желісі бойынша шаралар аясында тұрғын үй беру.
Қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендерге денсаулықты қалпына келтіру бойынша, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (мамандандырылған емдеу, емдеуге жатқызу) шеңберінде медициналық көмек көрсетеді.
Еске салсақ, 1 тамызда Алматыдағы «Ақкент» 16 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шығып, 49 адам зардап шекті. Бір әйел қайтыс болды.