Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 85 жылдығын атап өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан педиатрлары алматылық «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» мекемесін мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 85 жылдығын атап өтті

Орталық 85 жыл бойы балалар мен жаңа туған нәрестелерге теңдессіз хирургиялық операцияларды жүзеге асыра отырып, оларға қол ұшын созып келеді.

«Біздің орталық ең күрделі ауруларды емдеу ісімен айналысады. Балалар мен жаңа туған нәрестелердің арасында өте сирек кездесетін аурулар болады. Ал мұнда хирургиялық операциялардың барлығы жасалады. Хирургия бөлімі 1994 жылы Камал Ормантаевтың жетекшілігімен ашылған болатын. Сол уақыттан бері біз осы саланы дамытып келдік, соның арқасында қазір орталықта интенсивті терапия, урология мен кардиохирургия сияқты бөлімдер жұмыс істейді»,-деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Ақпаров.

Салтанатты шарада балалар хирургиясын дамыту перспективалары мен жетістіктері, балаларды оңалтудың қазіргі жағдайы, педиатрия қызметінің жаңа тұжырымдамасына қатысты мәселелер сөз болып, денсаулық сақтау саласына өлшеусіз үлес қосқан орталықтың ардагерлері марапатталды.