Алматыдағы ревматология орталығы 250 орынға дейін кеңейтілмек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы емханалар мен мектептерді модернизациялау мәселелерін қарады және қала аумақтарын абаттандырумен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мегаполис әкімі Алмалы ауданындағы 65 орынға есептелген қалалық ревматологиялық орталықта болды. Медицина мекемесінің бас дәрігері А. Күлембаеваның айтуынша, Алматыда ревматоидты дертке шалдыққан 11 мыңға жуық адам бар.
Сондықтан оларға уақтылы медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемені кеңейту қажет.
Жағдайды зерттеген Бақытжан Сағынтаев төсек-орын санын 200-250-ге дейін арттыру үшін орталықтың жаңа корпусын салу жобасын әзірлеуді тапсырды.
Ал, ардагерлерге арналған ауысымына 500-ге дейін келушіні қабылдайтын қалалық емхана ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Емханаға 30 мыңнан астам адам бекітілген.
1955 жылы салынған ғимарат 10 жыл бұрын жөнделген.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша емхананы сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігі қарастырылатын болады.
Бақытжан Сағынтаев ауданның білім инфрақұрылымының дамуымен танысты.
Оқушы орнының тапшылығын азайту мақсатында №34 мектеп-гимназиясының 600 орынды жаңа корпусы салынып жатыр.
Сонымен қатар, Қабанбай батыр көшесінің бойында жеке инвестор бұрын құрылысы тоқтаған нысан негізінде 856 орынды дарынды балаларға арналған мектептің құрылысын бастады.
Балалардың денешынықтыруын дамыту үшін МЖӘ аясында №128 мектеп аумағында көпфункционалды спорт кешені салынуда.
Барлығы 11 спорт кешені салынады, ал мектеп жанындағы қолданыстағы 33 спорт алаңы модернизацияланады.
Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев DEPO Evolution Park-тің құрылыс барысымен танысты, мұнда креативті индустрия жобаларын іске асыруға арналған алаң жасалатын болады.
Мақатаев скверінде қала әкіміне «Буккроссинг» көшпелі кітапхана жобасы таныстырылды.
Мұнда әркім кітап ала алады, өзінікін қалдырады немесе қалаған басылымын оқуға алады. Ауданның саябақтары мен скверлерінде осындай 10 кітапхана орнату жоспарланған.
Жұмыс сапары барысында қала әкіміне жеке инвестор есебінен Мәуленов көшесін абаттандыру жобалары көрсетілді.
Шаһар басшысы Сейфуллин даңғылындағы 450, 452, 452/1, Жібек жолы көшесінің бұрышындағы аулаларды реконструкциялаудың барысын қарап шықты.
«Бюджетке қатысу» жобасы аясында ауданда Әуезов пен Әйтеке би көшелерінің қиылысындағы А. Байтұрсынов атындағы және «АРО» скверлері абаттандырылуда.
Варламов көшесінде жоба аясында скейт-парк салынды.