Алматыдағы сапалы білім беріп отырған №173 лицей жабылудың аз-ақ алдында тұр - C. Тұрсынов
ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрінің және ҚР Жоғарғы Соты төрағасының атына сауал жолдаған депутат Сағынбек Тұрсынов осы мәселеге қатысты алаңдаушылық білдірді.
«Менің атыма Алматы қаласындағы №173-лицей басшысынан хат келді. Онда лицейде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің департаменті тексеру жүргізіп, соның шешімімен оқу орнын жабу туралы мәселе көтерілген. Сол шешім негізінде лицей сотқа беріліп, аудандық сот та лицейді жабу туралы шешімді құптап шығыпты», - дейді депутат.
Оның айтуынша, сондағы лицейге тағылып отырған бар кінә - оқу орнының әр балаға шаққандағы аумағының стандартқа сай келмегендігіне қатысты болып отыр. «Мәселен, лицейде әр оқушыға 2,3 шаршы метрден келеді екен. Ал департамент бұның 2,5 шаршы метр болуы тиістігін алға тартқан. Алайда, Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы бұйрығында бұның 2 шаршы метр болуы қажеттігі жазылған екен. Сонда бұның қайсысы дұрыс?», - деді С. Тұрсынов.
Сонымен қатар депутат лицейде бүгінгі күні 2 мың 199 бала екі ауысым бойынша білім алатынын, онда білікті мамандар сабақ беретінін, білім сапасы жағынан озық екендігін айтты. Мәселен, лицей бірнеше жыл бойы республикадағы үздік 100 мектептің қатарында тұр. Білім сапасына орай Алматы қаласы бойынша 2008-2009 жылы 3-і, 2010 жылы 2- орынға шыққан. Көптеген оқушылар халықаралық олимпиада мен ғылыми жобалардың жеңімпазы, «Алтын белгі» иегері. «Сапалы білім беріп отырған лицей жабылудың алдында тұр. Шынтуайтына келсек, елімізде мұндай оқушылар тығыз орналасқан, үш ауысыммен оқытып жатқан мектеп жеткілікті. Солардың бәрін жаба берсек не болады?», - деді депутат.