Алматыдағы сегіз мореналық көл биыл үлкен қауіп төндіреді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының маңында 45 мореналық және мұздық көлдер орналасқан, олардың ішінде аса қауіптісі – 12, ал биылғы жылы 8 көл ең қауіптісі болып отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Instagram парақшасында айтылды.

Алматыдағы сегіз мореналық көл биыл үлкен қауіп төндіреді

Ағымдағы жылы Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі 8 көлді босату бойынша алдын алу жұмыстары жоспарланған.

«8 көлде 90 адам жұмысқа кіріседі, бульдозерлер іске қосылады, эвакуациялық каналдар тереңдетіледі және тазартылады, сифон құбырларын монтаждау, сондай-ақ сорғы қондырғыларын іске қосу жұмыстары жүргізіледі. Өнімділігі жоғары 9 сорғы, 2000 метр полиэтилен құбырлары дайындалды, олар 2019 жылы Алматы әкімдігінің қолдауымен сатып алынды», – делінген департамент хабарламасында.

Сел қаупі бар кезеңде мореналық көлдерді бақылау үшін 21 бекет жұмыс істейтін болады. 2020 жылы 7 мореналық көлден тазарту және тереңдету жолымен ағызу каналдары арқылы, сондай-ақ сифон құбырларынан 5,2 млн м3 су тартып шығарылды.