Алматыдағы шағын аудан атауы Байбек болып өзгере ме - әкімдік жауабы
Жақында шағын аудан тұрғындары аудан атауын Нұрсұлтан Назарбаев немесе Бауыржан Байбек ауданы етіп өзгертуге ұсыныс білдірген болатын.
Тұрғындардың айтуынша, жедел жәрдем мен жедел қызмет өкілдері №10 А шағын ауданын №10 шағын ауданмен жиі шатастыратын көрінеді.
ҚазАқпараттың арнайы сауалына берілген жауапта шағын ауданға Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілмейтіні айтылған.
«Алматы қаласы әкімдігінің № 4/493 қаулысына және Алматы қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес Фурманов көшесінің атауы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді.
«ҚР Тіл туралы» Заңының 25-5-бабына сәйкес бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, оның құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру қарастырылған», - деді қалалық Тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімінің басшысы Қалыбай Өтепберген.
Оның айтуынша, тұрғындардың шағын ауданды Бауыржан Байбек деп атау туралы ұсынысы келесі аптада комиссия қарауына ұсынылмақ.
«Қазір қалада жаңадан қосылған елді мекендердегі құрамдас бөліктеріне түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте атауы қайталанатын және атауы жоқ әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, яғни көшелерге атау беру жұмыстары қарастырылуда. Аталған жұмыстардан кейін идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Белгілі бір атаудың қабылдануы үшін 3 комиссия отырысынан, 2 сессиядан өтеді. Сосын Әділет департаментінде тіркеледі», - деді Қалыбай Өтепберген.