Алматыдағы шұғыл медициналық жәрдем ауруханасының дәрігерлері 2,7 млрд теңгеге көмек көрсетті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қалалық шұғыл медициналық жәрдем ауруханасы шаһардың екі миллионнан астам халқына тәулік бойы шұғыл медициналық қызмет көрсететін ірі емдеу мекемесінің бірі. Инфаркт немесе инсульт алғандар, жол апатынан жарақаттанғандар, күйіп қалу немесе улану сынды ауыр жағдайларға тап болған азаматтар осында жеткізіледі. Бұл туралы клиниканың бас дәрігері Алмаз Джувашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының мәліметінше, 2023 жылдың 6 айында қалалық шұғыл медициналық жәрдем ауруханасы 2,7 млрд теңгеге 20 472 пациентке көмек көрсетті. Оның 2,3 млрд теңгеден астамы МӘМС қаражаты есебінен төленді.
«Біздің аурухананың 20 құрылымдық бөлімшесі бар. Онда 174 дәрігер мен 344 медбике еңбек етеді. Науқастар әдетте жедел жәрдем арқылы жеткізіледі. Өзара байланыстың арқасында жедел жәрдем станциясы қызметкерлері ауыр жағдайдағы пациент әкеле жатса бірден хабар береді. Реаниматологтар пен анестизиологтар бригадасы оны қабылдау бөлімінен қарсы алып, ота немесе жансақтау бөлімшесіне жеткізеді», – дейді аурухананың бас дәрігері Алмаз Джувашев.
Айтуынша, клиникаға жеткізілген науқастар денсаулық жағдайына қарай бірден бірнеше деңгейге бөлініп, тиісті бөлімшелерге жөнелтіледі. Қабылдау бөлімі тәулігіне орта есеппен 240 адам қабылдайды.
Сырқаты ауруханаға жатпай-ақ, емхана деңгейінде емделуге келетін пациенттер жасыл аймаққа түседі. Оларға медициналық көмек бірнеше сағат ішінде көрсетіледі. Сары аймаққа – өміріне қауіп төніп тұрмаған, сырқаты орташа деңгейдегі науқастар қабылданады. Көмек екі сағат ішінде көрсетіледі. Қызыл аймаққа шұғыл дәрігерлік көмекті қажет ететін науқастар жатқызылады.
Медициналық қызмет пациенттерге кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері шеңберінде көрсетіледі.
Дәрігердің сөзінше, қалалық шұғыл медициналық жәрдем ауруханасы 2 жылдан бері инсультті тап басып тануға мүмкіндік беретін CEREBRA технологиясын пайдаланып келеді. Нейрорадиология саласындағы жасанды интеллект ишемиялық және геморрагиялық инсультті автоматты түрде анықтауға, сол арқылы пациент өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Оған дейін инсульт алған науқасқа диагноз қою үшін МРТ аппараттары қолданылатын. Бірақ томограф түсірген суреттерден мидағы ісік сынды тағы басқа өзгерістерді көзбен көре білу қиындық тудыратын.
«CEREBRA жасанды интеллект жүйесінің арқасында инсультті небәрі 10 минут ішінде анықтап, диагноз қоюға болады. Нәтижесінде пациентке бірден ем-дом тағайындалып, ағзаның маңызды функцияларын сақтап қалуға, неврологиялық ауытқулардың алдын алуға мүмкіндік туады. Мысалы, жасанды интеллектінің арқасында дәрігерлер пациенттің басындағы ақауды дер кезінде анықтап, оны аман алып қалды. Аурухананың ангиографиялық ота залында мидағы орта күретамырдың №1 сегментіне жоғары технологиялы операция жасалып, ұйыған қан алып тасталды. Және бұл кез-келген клиникада жасала беретін қатардағы операция емес», – дейді бас дәрігер.
Оның сөзінше, жаңа бағдарламаның медицина үшін маңызы зор. Себебі, инсульт Қазақстандағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Елімізде бір жылда 40 мыңға жуық адамд инсульт алса, оның жартысы өмірмен қош айтысады. Ал, пациенттердің 80% мүгедек болып қалады. Сонымен қатар, Қазақстан инсульт меңдеп тұрған 30 елдің қатарында. Жыл сайын қалалық шұғыл медициналық жәрдем ауруханасына инсультпен мың пациент түседі.
«Елімізде күн сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия, т.б. профильдер бойынша жүздеген операция жасалып жатыр. Осындай бір ғана отаның құны бірнеше миллионға дейін жетуі мүмкін. Мысалы, 2023 жылдың 6 айында ауруханада нейрохирургия және ортопедия профильдері бойынша жалпы құны 319,1 млн теңгелік 81 ота жасалды. Соның ішінде 61 операцияға МӘМС арқылы 226 млн теңге төленді»,- деді ол.
Сонымен қатар, Шұғыл медициналық жәрдем ауруханасында сәулелі диагностика саласындағы тұңғыш ахуалдық
орталық жұмыс істейді. Орталық дәрігерлердің жағдайы ауыр пациенттерге шұғыл дұрыс диагноз қойып, шұғыл көмек көрсетуіне мүмкіндік береді.