Алматыдағы Шығыс айналма жолы 2011 жылы толық салынып болады

АЛМАТЫ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Алматы қаласы аумағының үстіңгі бөлігінен өтетін Шығыс айналма жолын салуға бөлінген қаржының басым бөлігі тұрғындардан жер телімдерін сатып алуға жұмсалуда. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шығыс айналма жолымен танысуы барысында айтылды.

Алматыдағы Шығыс айналма жолы 2011 жылы толық салынып болады

Қалалық Жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының бастығы Владимир Меренковтың айтуынша, жол құрылысына республикалық бюджеттен 57 миллиард теңге бөлінген. Бұның 37 миллиарды, яғни 60 пайызы жер телімдерін сатып алу мен үйлерді сүріп тастауға жұмсалған.

«Алдағы жылы жолдың қалған бөлігін - 2,2 шақырымды аяқтау үшін енді 12 миллиард теңге керек. Жол түсетін жерлерді иелерінен сатып алып, оларға өтем төлеу, құрылысты жалғастыру үшін 8, 896 млрд. теңге керек. Жоба бойынша 600 үй сүрілуі тиіс болатын, қазірге дейін оның 300-і алынды. Жер телімдерін сатып алу заң негізінде жүзеге асырылуда. Алайда жер телімін алу көп жағдайда тұрғындардың өз еркімен емес, сот шешімі негізінде алынып жатыр. Не дегенмен жол 2011 жылы салынып бітуі тиіс», - деді басқарма бастығы.

Естеріңізге сала кетейік, аталған жол құрылысы 2007 жылдың сәуір айында басталған болатын. Ұзындығы 7,8 шақырымды құрайтын жол әл-Фараби-Достық даңғылының қиылысынан басталып, кіші Алматы, Луганский, Горный көшелері мен Жарбұлақ өзені арқылы Құлжа даңғылына шығады. Қазіргі кезде әл-Фараби-Достық даңғылынан Балтабаев көшесіне дейінгі 5,6 шақырым жол ашылған. Қалған 2,2 шақырымды аяқтау 2011 жылдың еншісінде. Шығыс айналма жолының басты мақсаты - қаланың орталық бөлігіндегі көлік кептелісін азайту, үлкен мегаполистің солтүстік - шығыс, батыс -шығыс бөлігіндегі транзитті көлік қозғалысының кедергісіз жүруін қамтамасыз ету, көліктің қоршаған ортаға тигізер залалын барынша азайту.