Алматыдағы студенттердің 70%-ы – өңірлерден келіп білім алушылар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Өткен жылы Алматыда 255 мыңнан астам жас білім алды. Биылғы оқу жылында студенттер саны одан да көп болады деген болжам бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы студенттердің 70%-ы – өңірлерден келіп білім алушылар

Алматыда бүгінде 36 жоғары оқу орны мен 94 колледж бар.

«Өткен жылы 36 ЖОО-да 182 мың студент оқыды, сондай-ақ өткен оқу жылының мәліметі бойынша қалада 255 мыңнан астам жас білім алып шыққан. Биылғы оқу жылы студенттер саны одан да көп болады деп күтіп отырмыз», - деді қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.

Ол сондай-ақ, жыл сайын Алматыда орналасқан жоғары оқу орындарында білім алатын студенттердің шамамен 70%-ы өңірлерден келетін студенттер екенін және 36 ЖОО-да бір уақытта 30 мыңнан астам студент тұратын 95 жатақхана орналасқанын мәлімдеді.

«Алматы – жастар қаласы. Мұнда 14 пен 29 жас арасындағы жастардың саны 440 мыңнан асады. Бұдан бөлек, қаламызда ең көп жоғары оқу орындар мен колледждер орналасқан», - деді спикер.

Айта кетсек, Алматыда биылғы жылдың 1 маусымынан бастап қалалық жастар саясаты басқармасы құрылды. Оның басты міндеті – қала жастарының мүдделері мен құқықтарын қорғау.