Алматыдағы терактіде жарақат алған полицейлердің бірі ауруханадан шығуға дайындалып жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы атыс салдарынан жарақаттанған полицейлердің бірі ауруханадан шығуға дайындалып жатыр, деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
«Қазір қала клиникаларында екі полицей жатыр. Атыс салдарынан жарақаттанған тәртіп сақшылардың бірі бейсенбі күні, 4 тамызда сағат 12.00 ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Емдеу мекемесіне түскенде оның халі ауыр болған. Жарақаты өміріне қауіп төндірді. Ақ халаттылардың біліктілігі науқастың жағдайының жақсаруы мен оның емделіп шығуына септігін тигізді»,- делінген хабарламада.
Ауруханадан шыққан соң оны жетекші дәрігерлер бақылайды, толық айыққанға дейін амбулаторлық емдеу қарастырылған.
Тағы бір науқас қалалық орталық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оған тиісті емдік шаралары қолданылып жатыр.
Осыған дейін 25 және 28 шілдеде қала клиникасынан екі науқас емделіп шықты.
Еске сала кетейік, Р. Күлекбаев 2016 жылғы 18 шілдеде Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасында, ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті ғимараты алдында, Абай даңғылы мен Байзақов көшесі және Абылай хан даңғылы мен Төле би көшесі қиылысында полиция қызметкерлеріне қарсы оқ атқан болатын. Атыс салдарынан үш полиция қызметкері, бір шекара қызметінің өкілі және бір зейнеткер мерт болып, 8 адам жараланған.
Сол күні қалада террористік қауіптің қызыл деңгейі енгізілді, алайда кешке қарай ол сары деңгейге ауыстырылды.