Алматыдағы үлескерлердің 80 пайызының мәселесі шешілді - Алматыдағы кеңес

Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде қала басшысының төрағалық етуімен өткен 2010 жылдың әлеуметтік- экономикалық даму қорытындысына арналған кеңесте Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Сардар Қабдолов айтты.
Оның айтуынша, бұны депозиттердің өскендігі де растайды. "Заңды тұлғалар депозиті 13,9%-ға өсті. Адамдар қайтадан банкке ақша сала бастады. Жеке тұлғалардың салымы 8%-ға немесе 999,6 млрд. теңгеге өсті", - деп атап өтті ол.
Сардар Қабдоловтың айтуынша, өткен жылы тұрғын үй кешені бойынша екі мемлекеттік бағдарлама аяқталған. "Бағдарлама аясында 820,2 мың шаршы метр іске қосылды немесе 10,5 мың пәтер берілді. Алматыдағы үлескерлердің 80 пайызының мәселесі шешілді. Олардың жалпы саны - 16201. 2011 жылы тағы да 3370 үлескер мәселесі шешілетін болады", - деді ол.
Қала әкімі Ахметжан Есімов кеңесте үлесті құрылысқа ерекше назар аудару қажеттігін қадап тұрып айтты, сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ мен Алматы қаласы әкімдігі арасында жасалған Меморандумның орындалуын бақылауды тапсырды.
Сардар Қабдоловтың айтуынша, 2010 жылы нақтылы бюджет 267 млрд. теңгені құрап, транспорт инфрақұрылымынның инвестициясына мемлекеттік ресурстардан 59 млрд теңге бөлінген. "Өткен жылы 52,5 км жаңа жол салынды, 6,7 км. жол жөнделді. 200,3 км . автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті",-деді ол.
Жол мәселесін қатысты қала басшысы: «Жол тасымалының сапасына ерекше көңіл бөліп, бағыттарды оңтайландыру қажет», - деп атап өтті.