Алматыдағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында 2 мыңға жуық бірегей ота жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы ҚР ДСМ А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында биыл 2 мыңға жуық бірегей ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыдағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында 2 мыңға жуық бірегей ота жасалды

 «2018 жылдың 11 айында жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету (бұдан әрі - ЖТМҚ) аясында А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары 2 млрд теңгеден астам соммаға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде 1959 ота жасады. Қазіргі заманғы, озық технологияларды қолдана отырып, мынадай бейіндер бойынша операциялар жүзеге асырылды: кардиохирургия, микрохирургия, трансплантология, интервенциялық аритмология, гепатобилиарлық хирургия. Ең күрделісі - тірі донордың ағзаларын трансплантациялау. Бүгінде адамдарды толыққанды өмірге қайтаруға көмектесетін осындай оталар саны жылдан жылға артып келеді», - делінген хабарламада.

Жоғары технологиялық медициналық қызметтер ТМККК шеңберінде Қазақстан азаматтарына тегін ұсынылатынын атап өткен жөн. Мемлекет есебінен төленетін бір отаның құны 200 мыңнан 5 млн теңгеге шейін жетеді. А. Сызғанов атындағы Хирургия орталығының 69 пайыз пациенттері басқа қалалардан келген. Олардың 33,1% Алматы облысының тұрғындары, Қызылорда облысынан - 11,5%, Оңтүстік Қазақстан облысынан - 7,0% және Жамбыл облысынан - 6,8%.

Орталықтың өз базасында ғана емес, сонымен қатар өңірлерде де оқыту шеберлік сабақтарын өткізу арқылы кадрлық әлеуетті дамытуды және тәжірибелік медицинаға инновациялық әдістерді енгізуді жүзеге асырады.

Осындай көлемде ЖТМҚ орындау халыққа хирургиялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл науқастарға шетелге шықпай, жергілікті жерлерде толық қызметті алуына мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда, аталмыш орталықта 128 дәрігер жұмыс жасайды, оның ішінде: 11 медицина ғылымдарының докторы, 22 медицина ғылымдарының кандидаты, 26 жоғары санатты дәрігер, 35 бірінші және екінші санаттағы дәрігер.