Алматыдағы ұшақ апаты: Аман қалғандар оқиға туралы баяндады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еркін Өтепов - апаттан аман қалған жолаушылардың бірі. Ол Нұр-Сұлтан қаласына іс сапармен ұшпақшы болған екен. Тек соңғы сәтте ұшақтың артқы бөлігіне отыруының арқасында ғана аман қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Негізі, сатып алған орны - қаза тапқандардың қатарында екен. Оның айтуы бойынша, салоны суық әуе кемесі соққы алғаннан кейін, бірден төмен қарай құлдилай бастаған.
Алдын ала суық хабарды ескерткендей, ұшақтың іші салқын болғанын басқа да жолаушылар байқаған. Өзінің 9 айлық баласы мен жарын алып, Нұр-Сұлтанға беттеген Мақсұт Ғатиат жаңа жылды ата-анасымен қарсы алып, немерелерін алғаш көрсетуге асыққан екен. Ұшақ қозғалған сәттен бастап, жолаушы жары мен баласын қолынан жібермегенін айтады.
Еске салсақ, 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.
Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.