Алматыдағы велошерудің жаңа маусымына екі мың адам қатысты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында жыл сайын өтетін велошерудің жаңа маусымы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биылғы маусымның алғашқы велошеруіне 2 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар, велошеру басталмас бұрын, қатысушыларға арнайы нөмірлер беріліп, сол арқылы мәреде бағалы сыйлықтар берілді. Қатысушылар сағат 08:30-да жиналды. Велошеру 09:00-де «Нұрлы-Тау» бизнес орталығы маңынан басталып, Тұңғыш Президент саябағы төңірегінде аяқталды. Жалпы, велосипедшілер батыс бағытта 9 шақырым жолды жүріп өтті.
Әуескойларды мәреде 1980 жылдың Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жаңа веломаусымның ашылуымен құттықтады.
«Велошерудің қатысушыларына және де Алматы қаласының әкімдігіне, осындай мерекелік шараны ұйымдастырғаны үшін шексіз алғысымды білдіремін. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруларыңызға тілектеспін», - деді Жақсылық Үшкемпіров.
Сонымен қатар, бүгінгі спорттық шарада бас қосқандар алып шаһардың намысын құрлықаралық велододаларда қорғайтын «Apple Team» жаңа кәсіпқой велокомандасын таныстыру рәсімін тамашалап, велошабандоздармен танысты.
Айта кететін жайт, мәреде әуесқойлар бағалы сыйлықтар ойнатылатын лотореяға қатысты. Басты сыйлық - электрмен жүретін велосипедті Сергей Жилков есімді алматылық жеңіп алды.
«Мен осындай бағалы сыйлықты жеңіп алғаныма бақыттымын. Бұл күтпеген тосын сый болды. Барлық ұйымдастырушыларға шын жүректен алғысымды білдіремін. Болашақта, қалалық велошерулерге жиі қатысамын. Бүгін бірінші рет қатысып отырмын, маған өте ұнады», - деді Сергей.
Айта кетсек, велошеру маусымының ашылуында қала тұрғындарымен қатар, қазақстанның әйгілі спортшылары мен әртістері, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері және Қысқы Универсиадының қатысушысы Айза Имамбек, альпинизмнен ТМД ашық чемпионатының (2001-2003) жоғарғы деңгейдегі чемпионы мен жүлдегері Мақсұт Жұмаев, «Асыл» және «Меломен» топтары қатысты.
Мерекелік шара Меломен тобының өнер көрсетуімен аяқталды.
Өткен жылы, осы бағдарламаның аясында жалпы 21 велошеру ұйымдастырылып, оған 19 мың адам қатысқан болатын.