Алматыдағы жаңа емханада науқастарды рациясы бар менеджерлер қарсы алады
Алматы әкімі Бауыржан Байбек №5 қалалық клиникалық аурухана базасында ашылған жаңа емхананы көрді. Медеу ауданында ашылған бұл емхана күніне 600-ге дейін келушіні қабылдап, 20 мыңға дейін сараптама жасайды.
Аурухананың бас дәрігері Болат Садықов кезекте тұруды азайту және келушілердің жайлылығы үшін тіркеу бөлімін (регистратура - ред) алып тастағандарын айтты.
«Арнайы оқудан өткен, қолдарында рациялары бар менеджерлер келушілерді ертіп жүреді және түрлі кеңестер береді. Бүгінгі күні біздің мамандар заманауи еуропалық жабдықтармен жұмыс жасауда. Мысалы, отоларингологтың кабинетіне солардың үздіктерінің бірі қойылды. Жалпы, нысан құрылысының және ондағы қондырғылардың құны 1,5 млрд. теңгені құрады», - деді Б.Садықов.
Төрт қабатты жаңа ғимаратта отбасылық, балалар денсаулығы, сурдологиялық, реабилитациялық орталықтар, физиодиагностикалық бөлім, күніне 20 мыңға жуық адамның сараптамасын жасайтын әрі 5 емдеу мекемесі бекітілген клиникалық-диагностикалық орталықтандырылған зертхана орналасқан.
«Бізге қажет жабдықтардың бәрі сатып алынды. Олардың арасында авторефлектометр бар, оның ерекшелігі екі айлық баланың да көз ауруын бірден анықтай алады. Тіпті, көздің қан қысымын анықтайтын аппарат та бар. Енді бұрынғы ескі әдіс бойынша жұмыс істемейміз. Барлық жұмысты автоматты режімдегі қондырғылар атқаратын болады»,- деді офтальмолог-дәрігер Елдос Түсіпбаев.