Алматыдағы жәрмеңкеде жалпы сомасы 135,6 млн. теңгенің 244 тонна өнімі ұсынылды

Оңтүстік Қазақстан облысының 3 қаласы мен 11 ауданының тауар өндірушілері Алматыға жалпы сомасы 135,6 млн. теңгенің 244 тонна өнімін алып келді.
Олардың ішінде ет және балық өнімдері - 72 тонна, жеміс-көкөніс өнімдері - 135 тонна, сүт өнімдері - 12 тонна және басқа да өнімдер - 25 тонна.
Қала тұрғындары мен қонақтарына бағасы нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен, экологиялық жағынан таза өнімдердің 50-ден астам түрі ұсынылды.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов жәрмеңкені аралап, тауарлардың сапасы мен баға деңгейін көрді.
Б. Байбек өңірлік жәрмеңкелерді ұйымдастырудың маңыздылығын айтып, қазіргі таңда Алматының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.
Биыл Алматыда осындай кеңейтілген тағы 10 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарланған.
Егер өткен жылы Оңтүстік Астанада демалыс күндері 700 жәрмеңке өткізілген болса, биыл барлық аудандарды қосқанда 800 жәрмеңке ұйымдастыру көзделіп отыр.
Айта кетелік, Алматыда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру мақсатында соңғы 8 жылдан бері үзбей өткізіліп келеді.