Алматыдағы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру үшін 324 млрд теңге жұмсалмақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының 2-ші жылу электр орталығын толық газға көшіру 2026 жылы аяқталады. Бұл туралы брифинг барысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру үшін 324 млрд теңге жұмсалмақ

Министрдің сөзінше, «Самұрық Қазына» қоры Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі жиілік пен қуатты реттеу мүмкіндігімен Алматының 2-ші жылу электр орталығында қуаты 600 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысын салу жобасын іске асыру жөнінде ұсыныс берді.

«Алматы ЖЭО-2-ні толық газға көшіру 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Қор алғашқы іске қосу кешенін (бу-газ қондырғысы - 200 МВт) 2023 жылдың соңына қарай пайдалануға беруді көздеп отыр», - дейді Болат Ақшолақов.

Сонымен қатар, ол мемлекеттік сараптама нәтижелері бойынша жобаның құны 324 млрд теңге екенін атап өтті.

«Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» бу-газ қондырғыларын сала отырып, 1-ші және 3-ші жылу электр орталықтарын кеңейтуді жоспарлап отыр. Алматының 1-ші жылу электр орталығын ауыстыру жобасы жалпы қуаты 250 МВт-қа дейін бу-газ қондырғыларын орнату арқылы станцияны кеңейтуді көздейді. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде», - дейді министр.

Болат Ақшолақов Алматы ЖЭО-3 жылу электр орталығын реконструкциялаудың барлық ықтимал технологиялық нұсқаларын талдау үшін «Алматы электр станциялары» компаниясы жанынан жұмыс тобы құрылғанын айтты.

Бүгінгі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде.