Алматыдағы жер асты жолдарына Батырхан Шүкенов пен Денис Теннің суреті салынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы жер асты өтпе жолдарына Батырхан Шүкенов пен Денис Теннің бейнесі салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жер асты өтпе жолдарын жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Абай даңғылындағы өтпе жолдар кісі танымастай өзгерді. Абай және Достық даңғылдарының қиылысында ұлы ақын Абайдың қанатты сөздері жазылды, Абылай хан даңғылына қараған тұстағы жер асты жолы «Жеті қазына» композициясымен әрленді.

Тимирязев көшесінің ҚазҰУ аялдамасындағы жер асты жолына видеобақылау камералары орнатылды, заманауи стильде безендірілген «студенттердің бұрынғы подземкасы» енді ХХІ ғасырдың мәдени жетістіктерін паш етіп тұр. Мұнда о дүниелік болған талантты композитор әрі әнші Батырхан Шүкеновтің, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің бейнелері көздің жауын алады. Бұдан тыс, Виктор Цойдың бейнесі де композициядан ойып тұрып орын алған. Жер асты жолынан өтерде «А'Студио» тобының, Батырхан Шүкенов және «Кино» тобының әндерін тыңдауға болады.

Еске сала кетейік, биыл жазда Алматыдағы 56 жер асты өтпе жолының 48-і күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оларды жаңғыртуға бюджеттен 2,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Бірыңғай стилистиканы сақтау мақсатында бірыңғай талаптар негізінде жөндеу міндеті қойылды. Бұдан тыс, енді өтпе жолдарда сауда, қызмет көрсету орындары болмайды.

Соңғы жаңалықтар