Алматыдағы Жібек жолы базары сүрілмейтін болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Жібек жол базары сүрілмейтін болды. 5000 жуық кәсіпкер өзінің сауда орнын сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл ақпаратты қалалық кәсіпкерлер палатасының директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетов Facebook парақшасында айтты.
Бұл базардың жаңадан салынған нысандарын 2004, 2015 жылдары эксплуатациялық комиссия қабылдап алған болатын. Кейін Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қалалық Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы арызданып, сот бұл қабылдау актілерін заңсыз деп тану туралы үкім шығарған еді.
24 шілдеде Алматы қалалық соты ауданаралық экономикалық соттың үкімін жоққа шығарып жаңа шешім шығарды.
«Бұл сот процесіне қалалық кәсіпкерлер палатасы белсене қатысты. Бір қызығы - 2004, 2015 жылғы қабылдау актілерінің заңдылығы дауға түсті. Бірнеше жыл бұрынғы актілердің арыздану мерзімі де баяғыда өтіп кеткен. Бақылау органдары қалайша бұл қателікті байқамаған? Менің әріптестерімнің кәсіби әрекетінің арқасында 5000 жалға беруші кәсіпкер өз орнын сақтап қалды. Енді базар сүрілмейтін болды», - деді Айтуар Қошмамбетов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімдігі 2020 жылға қарай қаланың барлық базарлары қазіргі заманға сай болуы тиіс деп мәлімдеген болатын.