Алматыдағы жол апатынан үш адам зардап шекті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда Mercedes пен жолаушы автобусының соқтығысуы салдарынан үш адам зардап шекті, деп хабарлайды patrul.kz.
Жол-көлік оқиғасы 7 қаңтар күні 22:00 шамасында Төле би көшесінде болған. Автобус пен Mercedes автомобилі Төле би көшесінің бойымен Шығыс айналма жолынан батысқа қарай бара жатқан. Қайырбеков көшесіне жетер-жетпесте жеңіл көліктің жүргізушісі рульге ие бола алмай, алдымен жол шетіндегі қоршауды, артынша екпінімен барып алдындағы автобусты соққан.
Оқыс оқиға салдарынан Mercedes-тегі үш адам жарақаттанған. «Жедел жәрдем» оларды сол маңдағы ауруханаға жеткізген.
Қоғамдық көлікте жолаушылар болмаған. Жол-патруль полициясы қызметкерлері оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.