Алматыдағы жылу желісінің 70 пайызының, ал электр желісінің 57 пайызының тозығы жеткен

АЛМАТЫ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазіргі таңда энергия тұтынудың өсуінен бүкіл әлемде адамның шаруашылық қызметінде энергия жинақтау мәселесі алдыңғы орынға шықты.

Алматыдағы жылу желісінің  70 пайызының, ал  электр желісінің 57 пайызының тозығы жеткен

Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына инновациялар мен энергоресурс сақтау технологияларын енгізу» деп аталатын конференцияда айтылды.

«Алматыда жылу желісінің 70 пайызының, ал электр желісінің 57 пайзының тозығы жеткен. Сондықтан жылу мен энергияда үлкен шығындар бар», дейді қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серік Құсайынов. Оның сөзіне қарағанда, қазір тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына қатысты заңға енгізілген жаңа өзгерістер бойынша жергілікті атқару орындарының өкілеттігі кеңейді. Алайда электр жинақтау мен үнемдеуде жергілікті атқару орындарының жұмысы жеткіліксіз болуда. Оған тұрғындардың өздері де мүдделі болып, бұл шараға белсенді атсалысуы қажет болып отыр. 2009 жылдан бастап Алматыда мемлекеттік мекемелерде электр шамдарын қуат үнемдеуші шамдарға ауыстыру жұмыстары атқарылды. Басқарма тарапынан жүргізілген талдауға қарағанда 2 айда білім, мәдениет жәнен денсаулық сақтау мекемелерінде 5 миллион теңгеден астам қаржы үнемделіп отыр. Кәспорындарда бұл қаражаттың көлемі 3 миллион теңгеге жуық болды.