Алматыдағы жылжымайтын мүлік орталығының басшысы қылмыстық топ құрған - Қаржы полициясы
АСТАНА. 7 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыдағы жылжымайтын мүлік орталығы директорының бастамасымен құрылған қылмыстық топтың жүйелі түрде пара алу схемасы әшкереленді.
Топ құрамына орталықтың Әуезов, Түрксіб, Алатау, Медеу және Бостандық аудандары бөлімдерінің бастықтары да кірген. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Тергеу материалдарына сәйкес, аудандық бөлім басшылары азаматтар мен ұйымдардан жылжымайтын мүлікке техникалық паспорттарды қысқа уақыттың ішінде әрі ешбір кедергісіз рәсімдеу үшін пара алып, оның бір бөлігін 80 мың теңгеден астам қаржыны әр аптаның соңында орталық директоры Оразақыновқа оның көмекшісі арқылы беріп отырған. «2012 жылдың қыркүйек пен желтоқсан айларында Оразақыновтың 1,5 млн. теңгеден астам пара алғаны анықталды. Қылмыстық топ жетекшісі мен 3 мүшесі қамалып, басқалардан ешқайда шықпау туралы қолхат алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», - дейді М.Жұманбай.