Алматыдан 330 шақырым жерде 4,6 балдық жер сілкінісі тіркелді
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Алматыдан 330 шақырым жерде 4,6 балдық жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлады Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмикалық орталығы.
Орталықтың ақпаратына сәйкес, жерасты дүмпуі бүгін астана уақыты бойынша сағат 09:08-де тіркелген. 1 шақырымдық тереңдікте болған жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 330 шақырым және Қытайдың Каши қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 198 шақырым жерде болған. Қирандылар мен қаза тапқандар жайында ақпарат жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың 6 маусымында сағат 13:26-да жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 263 шақырым жерде орналасқан. Жаркент қаласында 3-4 балдық күші бар дүмпулер сезілді. Араға екі күн салып Шымкент қаласынан 25 шақырым қашықтықта күші 4 балдық жер сілкінісі тіркелді.