Алматыдан Алакөлге ұшақ қатынай бастайды
«Алматы-Үшарал-Алматы бағытында ұшақтар дүйсенбі мен сенбі күндері ғана қатынамайды. Билеттің бір бағытқа құны 10 мың теңге. Сонымен қатар, «Жетісу» әуекомпаниясы Талдықорған-Үшарал бағытындағы ұшақтарды іске қосады. Оның уақытын қосымша хабарлайтын боламыз. Жалпы көлдегі туристік маусым жаз айының алғашқы күнінен басталады. Қазір демалыс орындары туристерді қабылдауға толықтай дайын», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Айта кету керек, былтыр 21 шілде күні Үшаралдағы әуежай іске қосылған болатын. Бұған дейін әуе рейсі Астана-Үшарал, Талдықорған-Үшарал бағыттары бойынша қатынады. Жалпы әуежай Алакөл жағалауынан 86 шақырым жерде орналасқан.
Биыл Алматы облысындағы айдынды Алакөлге 1 миллионнан аса турист келетіні күтілуде. Туризмді дамыту жағдайымен танысу үшін Алакөлде жұмыс сапарымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болған еді.