Алматыдан Қостанайға гуманитарлық көмек жіберілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Тобыл өңіріне гуманитарлық көмектің кезекті легі жөнелтілді. Қала тұрғындары бір күннің ішінде тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түліктің 120 тоннасын жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдан Қостанайға гуманитарлық көмек жіберілді

«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының жауапты хатшысы Мейіржан Отыншиев 4 қыркүйекте қалада бірнеше гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылғанын атап өтті. «Кеше ғана 50 тонна көмек жинап, оның 40 тоннасын бірден Қостанай облысына жөнелттік. Қазір жүк көліктері жолда. Бүгін тағы 80 тонна қосымша жібердік. Қалада барлығы 120 тонна гуманитарлық көмек жиналды», - дейді спикер. Айтуынша, гуманитарлық көмек тізіміне тез бұзылмайтын өнімдер: ұн, қант, күріш, қарақұмық, макарон өнімдері, өсімдік майы, ауыз су, консервілер (ет/балық), төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдары кірді. «Бұл жұмыс азаматтарымыздың, қала әкімшілігінің, сондай-ақ кәсіпкерлердің қолдауының арқасында жүзеге асырылып жатқанын атап өткім келеді», - деді Мейіржан Отыншиев. Сонымен қатар, ол Қостанай облысына жүк көліктерімен бірге 10-ға жуық волонтер жіберілгенін, олар жүктерді жөнелту мен таратудың барлық процесін үйлестіретінін атап өтті.

Бұған дейін мегаполистен 2 жүк көлігінің жолға шыққаны туралы жазған болатынбыз.