Алматыдан санавиация шақыртуға себепкер болған науқас әйел ақыры қайтыс болды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Алматыдан санавиация шақыртуға себепкер болған науқас әйел ақыры қайтыс болды. Бұл туралы бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының клиникалық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Вячеслав Цай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бөлім меңгерушісінің сөзінше, 30 жастағы Түркістандық Мереке Қозыкенова кеше 22.10-дар шамасында аурухана төсегінде көз жұмған. Дәрігерлер бауыр церрозы, сепсис, мидың ісінуі сияқты ауыр науқасқа шалдыққан келіншектің жағдайы бойынша бірнеше рет республикалық орталықтардың дәрігерлерінен кеңес алып, емдік шаралар жасағанымен, беті бері қарамапты.
«Науқас әйелдің ауыр жағдайы бойынша үш рет Республикалық акушерлік және гинекология орталығының мамандарымен және Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының білікті мамандарынан кеңес алынды. Бір рет лакороскопиялық жолмен ота жасалды. Дегенмен оның жағдайы бастапқы кезде-ақ ауыр болатын. Қанша емдік шаралар көрсетілгенімен, науқас қайтыс болды», - дейді Вячеслав Цай.
Аурухана төсегінде қайтыс болған келіншектің артында алты баласы қалды. Ең кенже қызын ол үш апта бұрын босанған болатын. 4,9 келі нәрестені дүниеге әкелген әйелдің үйіне шығарылған соң жағдайы күрт нашарлаған. Осыдан кейін Түркістандық дәрігерлер оны облыстық клиникалық ауруханаға жолдаған.
Еске салайық, 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағытында санитарлық авиарейсін орындаған «АН-28» ұшағы сағат 18:47-де Алматыдан 28 шақырым қашықтықта радардан жоғалып кетті. Сосын сағат 19.15-те ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенгені хабарланды. Бортта болған 5 адам қаза болды.
