Алматыдан табылған мәйіт Назерке Әріптікі болуы мүмкін
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жас қыздың мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мүрде 1,5 ай бұрын жоғалып кеткен 18 жастағы бойжеткен Назерке Әріптікі болуы мүмкін, деді полиция өкілдері.
«Қазір сараптама тағайындалды. Қосымша ақпарат сараптама қорытындысынан соң белгілі болады. Сондықтан біз іздеу жұмыстарын тоқтата алмаймыз», - деді ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Назеркенің жақындарымен тілдесу мүмкін болмай жатыр.
Айта кету керек, 18 жастағы бойжеткен 1,5 айдан бері үйіне оралған жоқ. Әріп Назерке соңғы рет Тұздыбастау ауылындағы үйінен 10 шілде күні түскі 14:00-15:00 шамасында шығып кеткен. Қазіргі таңда Медеу аудандық ІІБ іздестіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Телефон қоңыраулары детализациясының мәліметтері бойынша, Назерке соңғы рет Гурилев 27 мекенжайында 40 минуттай отырған. Кейін түнгі 23:00 шамасында Айша бибі 356 мекенжайында болған. Аталған мекенжайда шағын дәмхана мен автожуу орны бары анықталды. Соңғы рет Назеркені түнгі сағат 12 мен 1:00 шамасында дәмхана қызметкерлері көрген. Олардың айтуынша, қыз жылаған күйі жол бойына жүгіріп шыққан. Содан бері ешкімнің көзіне түспеді.
Жақында анасы Сәуле Сарбасова қызын ұрлаған адамдар болса қайтаруды өтініп, видеохабарлама жариялаған болатын.