Алматыдан Ыстықкөлге дейін аспалы жол салу керек - М.Елеусізов

МАТЫ. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Үстіміздегі жылғы тамыздың 26-сы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, 55 минут көлемінде еліміздің қазіргі экологиялық жағдайы төңірегінде кеңінен әңгіме қозғап, көкейімде жүрген ұсыныстарымды білдірдім. Бұл жайында «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтты.

Алматыдан Ыстықкөлге дейін аспалы жол салу керек - М.Елеусізов

М.Елеусізов кездесу барысында 1988 жылдан бері шешуін таппай келе жатқан Сорбұлақ көлі мәселесін көтергендігін және ондағы жағдайдың қазір тым нашарлап кеткендігін жеткізді. «Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескен кезде қаладағы қоқыс мәселесін шешу үшін Астанада эко-технопаркін құруды және Алматыдан Ыстықкөлге дейін аспалы жол салуды ұсындым», -дейді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстандағы ауыз су мәселесі де назардан тыс қалмағандығын жеткізді. «Біздің еліміз географиялық жағынан 8 сулы бассейіннен тұрады. Олар Арал-Сырдария, Балхаш-Алакөл, Ертіс, Орал-Каспий, Есіл, Нұра-Сарысу, Шу-Талас, Тобыл-Торғайлық сушаруашылық бассейіндері. Осы сулы аумақты сақтап қалу үшін еліміздегі 14 облысты 8-ге қысқартуды өтіндім», -дейді М.Елеусізов.

Оның айтуынша, бір ғана Балхаш көлі төрт облысқа да қарасты екен, алайда оның еш қайсысы көлдің тазалығына жауапкершілікті мойнына алмай отыр екен, сондықтан ол тек бір облыстың жауапкершілігіне өтуі керек. «Қазақстанда су жетіспеушілігі жыл өткен сайын арта түседі, сондықтан су бассейіндерін сақтап қалуға назар аударып, бір шешімге келуіміз керек», -дейді «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы. Экологтың бұл ұсынысын Елбасы халықпен ақылдаса отырып қана шешу керек деген тоқтамға келіпті.

М.Елеусізов сондай-ақ Алматыдан Ыстықкөлге дейін аспалы жол тарту арқылы елдегі туризмді дамытуға жол ашуға болатынын жеткізді. «Оны салуға зейнетақы қорларындағы ақшаларды тиімді пайдалануға болады. Егер оны салсақ халық Ыстықкөлге дейінгі аралықты 5 сағатта табиғатты тамашалай отырып бара алады», -дейді ол.