«АлматыЭнергоПайдалану» ЖШС Жеңістің 65 жылдығына орай электр қуатына ақы төлеуде жеңілдіктер ұсынады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда «АлматыЭнергоПайдалану» ЖШС-нің қызмет көрсету аймағында тұратын Ұлы Отан соғысының қатысушылары серіктестік есебінен электр қуатының 50 кВтсағатына ақы төлеуден босатылады. Бұл акция мамырдың 1-інен желтоқсанның 31-іне дейін созылады. Қалалық, облыстық және аудандық әкімдіктер мен Мемлекеттік жәрдемақы төлеу орталығының қалалық және облыстық филиалдары және Ардагерлер кеңестері тапсырған Ұлы Отан соғысына қатысқандардың тізімі компанияның сайтында да орналастырылады.
Жалпы «АлматыЭнергоПайдалану» ЖШС Алматы қаласы мен облысы өңірінің 2,3 миллион тұрғындары мен 22 мың кәсіпорындарын электр қуатымен қамтамасыз ететін ұйым болып табылады. Оның қызмет көрсету аймағына Алматы облысының - Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Райымбек және Балқаш аудандары кіреді.