«АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-ның тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтарында ашық есік күндері басталды

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгінгі таңда әрқайсымыз электр қуатын өз қажеттігімізше пайдаланып қана қоймай, үнемді, ұқыпты пайдалануға көшетін кез келді.

«АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-ның тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтарында ашық есік күндері басталды

Бұл жайында «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-нің тұтынушылармен жұмыс жөнінен басқарушы директоры Лариса Бугаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Желтоқсан айының 21-інен 25-іне дейін жалғасатын шараның мақсаты энергияны үнемдеуді насихаттау мен тұтынушылар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Шара аясында сервис сапасын жақсарту, трафиктік саясат, есептеу жүйелері және төлемдер тәртібі туралы түсіндіріліп, электр қуатын үнемдеу әдістері хабарланды. Сонымен қатар шараға қатысқан қала тұрғындарына энергия үнемдеу бойынша танымдық ақпарат ұсынылды, жаднамалар таратылып, энергия үнемдеуші Philips шамдары сыйлық ретінде үлестірілді.

«Қарапайым ережелерді білу әрбір тұтынушыға жалпы мемлекеттік міндетті орындауға өз үлесін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар әр отбасында қаражатты үнемдеуіне мүмкіндік береді. Тұтынушыларға бұған қалай қол жеткізуді түсіндіру, сондай-ақ компанияның қызметіне байланысты барлық сұрақтарға жауап беру біз үшін өте маңызды», дейді Л.Бугаева.

Жергілікті атқарушы билік, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғам, «Нұр Отан» партиясы, АРЕМ департаменті өкілдері, электр энергетика сарапшылары мен энергия ресурстарын үнемдеудің маңыздылығы туралы өз ойларын ортаға салды. «Алматы қаласында тұрғындардың электр қуатын тұтыну мөлшері жалпы өндіру мөлшерінің 30 пайызын алады. Бұл дербес үйлер, хауыздар, жылытылатын едендер, жаңа көпқабатты үйлер. Үнемдеу жұмыстары тиімді жүргізілмейді, әсіресе ауқатты адамдар электр қуатын үнемдей бермейді», дейді Алматы энергетика және байланыс институтының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар бойынша проректоры Вячеслав Стояк.