Алматыға газбен жүретін автобустардың алғашқы тобы әкелінді

АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыға газбен жүретін алғашқы 20 автобус әкелінді. Бүгін олардың таныстырылымы өтіп, қала әкімі Ахметжан Есімов алғашқы жолаушылардың бірі болды.

Алматыға газбен жүретін автобустардың алғашқы тобы әкелінді

Естеріңізге сала кетейік, қала билігі бұған дейін экологиялық ахуалды жақсарту, қоғамдық көлік саласындағы келеңсіздіктерді жою мақсатында муниципалдық автопарк құрып, 200 жаңа автобус әкелінетінін бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Соған сәйкес әкелінген автобустардың алғашқы легі халықаралық талапқа сай жасалған. 30 орындық, 12 метрлік автобустың едені аласа, қала тұрғындарының талаптарына сәйкестендірілген. Қала әкімі жаңа автобустар қалалық және заманауи талаптарға сай деп бағалап, қалған автобустардың алдағы 3 ай көлемінде жеткізілетіндігін атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, бұл автобустар қала орталығында сәуір айынан бастап жүретін болады.