Алматыға келіп-кетіп жатқан ресейліктердің есебі бар - қала әкімі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыға келіп-кетіп жатқан ресейліктерді көші-қон қызметі бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қала әкімі көші-қон полициясы Алматыға Ресейден келгендер мен кеткендердің нақты есебін жүргізетінін мәлімдеді.
«Бізге келген ресейліктер 90 күн визасыз жүре алады. Бірақ, келгеннен кейін үш күн өткен соң тіркелулері керек. Бұл – қажетті норма. Ал, пәтерді жалға берушілер қажетті хабарлама жіберулері керек. Жалпы, қаладағы әр пәтер біздің бақылауымызда. Тәулікке берілетін пәтерлерде жағдай сәл қиындау. Біздің азаматтар қағаздарға қол қоя отырып, келісімге келе бермейді. Бірақ, келгендердің барлығы есепте», - деді қала әкімі.
Еске салсақ, ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов БАҚ өкілдеріне елге кіріп жатқан ресейліктерден шығып жатқандары көп екенін айтқан болатын.