Алматыға кіре-беріс жолдарға қатысты мәселелер кешенді шешілуі тиіс - А. Есімов
Бұл кеңеске ҚР Өңірлік даму министрлігі, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Автокөлік жолдары комитеті, «Қазавтожол» Ұлттық Компаниясы» АҚ, Алматы облысы әкімдігі және қалалық бейіндік құрылымдар мен ведомстволардың өкілдері қатысты.
Көшпелі кеңес барысында Ахметжан Есімов Алматының батыс жағындағы қалаға кіре-беріс торапта орналасқан бірқатар көлік инфрақұрылымдарын аралады. Қалалық жол полициясының мәлімдеуінше, бүгінде осы жолдың бойында көлік кептелісі жиі орын алады. Бұған автокөліктердің көбейгендігімен қатар, бей-берекет салынып жатқан құрылыстар да себеп болуда.
Мәлім болғанындай, республикалық маңызға ие Алматы-Бішкек тас жолының бойында қаланың ескі шекарасынан Бішкек-Астана жол айрығына дейін, жол бойында жанармай құятын стансалар, дәмхана, базарлар және т. б. 70 қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді екен. Ал 29-ы бірқатар заңбұзушылықтармен салынған және олар қызыл сызықтың бойында және жолдарды бұру жолағында орналасқан.
Қала әкімінің айтуынша, Алматының батыс жағындағы кіре-беріс жолға қатысты түйткілді мәселелер кешенді түрде шешілмеген. Мысалы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Автокөлік жолдары комитеті 2012 жылы Алматы әкімдігі мен Көлік және коммуникация министрлігі арасында қол қойылған «Алматының көлік-коммуникациялық кешенін дамыту бойынша жоспарына» қатысты міндеттемелердің көп бөлігін орындамаған.
Ал қала әкімдігі негізгі көлік магистралдарын батыс бағытта қаланың сыртқы шекарасына дейін жеткізіп отыр. Бұл жерде Ақын Сара, Рысқұлов және Момышұлы даңғылдарында жол айрықтары жасалды.
Сондай-ақ, базарларды жаңғырту бағдарламасының нәтижесінде Солтүстік айналма жолы көлік кептелісінен босатылды. Жақын уақытта мұнда жаңа көлік дәлізі салынады. Онда транзиттік көліктерге бөлек жолақ белгіленеді және аватотұрақтар мен жүргіншілерге арналған жолүсті өткелдері салынады. Босатылған аумақтар абаттандырылады және саябақтық аймақтар жасалады.
«Мінеки, енді батыс бағытта да Көлік және коммуникация министрлігімен және Алматы облысының әкімдігімен бірлесе отырып, осындай кешендік тәсілдемелерді жүзеге асыру керек», - деді өз сөзінде Алматы қаласының әкімі.