Алматыға коронавирусты анықтайтын диагностикалық тест жүйе жеткізілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыға коронавирусты анықтайтын диагностикалық тест жүйе жеткізілді. Бұл туралы Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ресейден коронавирусты анықтайтын тестілер жеткізілді. Енді еліміз, оның ішінде Алматы қаласы да қауіпті вирусқа қарсы тест жұмыстарын жүргізуге дайын. Тест тексерісі екі сағат аралығында жасалады. Кейін ол орталық референтті зертханаға жіберіледі және соңғы қорытынды сол жерде жасалады», - деп түсіндірді Айзат Молдағасимова.
Оның айтуынша, бұл уақытқа дейін 17 адамның қанын сараптамаға жіберілген, олардың бәрі таза болып шықты. Күдікке ілінгендердің барлығына ЖРВИ мен тұмау диагнозы қойылды. Орталық референтті зертханаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, соның ішінде Алматы қаласынан келгендерден 111 үлгі алынды. Оның 100-і теріс нәтижелі, ал 11 сынама әлі тексеріліп жатыр.
Алматыдағы емханалардың барлығында науқастарды оқшаулау орны ашылды. Бұған дейін мұндай орындар ауруханаларда жасақталған болатын.
«Егер коронавирус тарап жатқан жерден келген болсаңыз поликлиникаға немесе қан тапсыру зертханаларына барудың қажеті жоқ. Бірден 1406 Call-орталығына хабарласыңыздар, сол жерде тиісті жауап ала аласыздар немесе жедел жәрдем шақырыңыздар», – деді ол.
Еске салайық, Алматыда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі өңірлік штаб құрылған. Өңірлік штаб мегаполис әуежайында коронавирусқа қарсы іс-қимыл шаралардың орындалуын тексерді.