Алматыға VII Қысқы Азия ойындарының алауы 2011 жылы қаңтардың 7-де жеткізіледі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматыда Қысқы Азия ойындарының алауы 2011 жылы қаңтардың 7-де жеткізіледі. Одан кейін ол еліміздің барлық аймағын аралап шығады. Қазір Қысқы Азия ойындарын өткізудің жоспары жасалып, жұмыс тобы құрылды. Дайындық 6 бағыт бойынша жүргізілуде. Оған 30-ға жуық елден делегациялар қатыспақ. Спортшылар, бапкерлер және тағы басқа да қызмет көрсетушілердің өзі 2 мың адам болады. Ал жарысты тамашалауға қатысатындар 10-15 мың аралығында болмақ», дейді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Хайырболат Хайдаров. Қысқы Азия ойындары кезінде Астана алаңында қаланың бас шыршасының салтанатты отырғызылу рәсімі, қар барысы саябағын құру, ал Студенттер сарайында Азия елдері мәдениетінің фестивалі, Атакент халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде «Ұлы Жібек жолы» жәрмеңкесі жобасы жоспарлануда. Сондай-ақ Байтұрсынов пен Есентай өзендерінің арасында Бұхар Жырау бульварында «7 жұлдыз» Азиада аллеясы ашылмақ.
Х. Хайдаровтың сөзіне қарағанда, Қысқы Азия ойындары Алматыда мына нысандарда өтеді. Шымбұлақ тау шаңғысы кешенінде тау шаңғысы мен фристаил спортынан бәсеке өтеді. Онда жарысты отырып көретін 1 мың және тұрып көретін 2 мың орын дайындалмақ. Медеу спорт кешеніндегі допты хоккей жарысын 7,5 мыңға жуық адам отырып, тамашалай алады. Шаңғы трамплині кешеніндегі трамплиннен шаңғымен секіру жарыстарын 5,5 мың адам отырып, ал 4 мың адамға тік тұрып көруге мүмкіндік жасалады. Шаңғы және биатлон стадионы кешеніндегі шаңғы жарысы, биатлон және шаңғымен спорттық бағдарлаудан болатын жарыстарды 2,6 мың адам отырып, 3,6 мың адам тұрып тамашалай алады. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында әйелдер арасындағы шайбалы хоккей сайысы мен жарыстың жабылу рәсімін 5 мың адам отырып көре алатын болады.
«Қысқы Азия ойындарының Алматы қаласындағы дирекциясы маусымның 14-нен бастап еріктілерді жинай бастады. Бұл шара жыл соңына дейін жалғасады. Оларды іріктеу 2010 жылы басталады. Еріктілер 12 бағыт бойынша дайындалады. Биыл қыркүйектің 28-і күні қалалық әкімдік пен 14 жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Жалпы Қысқы Азия ойындарында Алматыда 2,5 мың еріктілер жұмыс жасайтын болады», дейді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Х. Хайдаров.