Алматыға жаңадан қосылған 1330 гектар жер аумағына ауылдар кірмейді

АЛМАТЫ. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласының аумағы 1330,25 гектарға ұлғайды. Алматы облысының Қарасай, Іле және Талғар ауданына қарасты бұл аумақта ауылдар жоқ.

Алматыға жаңадан қосылған  1330 гектар жер аумағына ауылдар кірмейді

Бұл жайында Алматы қалалық жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары Аман Әбдірахманов бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

"Алматыға қосылған жер аумағының 823, 82 гектары - Қарасай, 496,92 гектары - Талғар, 9,51 гектары - Іле аудандарына қарасты жерлер. Ал жер телімдерінің жалпы саны - 12. Олар жол айрығы, интеллектуалды мектеп, №171 жалпы білім беретін мектеп, Веригина тауы шыңындағы мешіт, халықаралық әуежай, "Меркур-град" тұрғын үй кешені, "Жетісу" базары, автожолдар мен сумен және электрмен қамтамасыз ететін дәліз", - дейді Аман Әбдірахманов.

Оның айтуынша, Алматы аумағын ұлғайтуға дайындық 2010 жылы басталған. Қалалық мәслихат шешімімен Үкіметке ұсыныс жасалып, 12 мамырда Елбасының "Алматы қаласының шекарасын өзгерту туралы" №77 Жарлығы шығып, ол 18 мамырда жарияланды. Жалпы қала аумағы бұған дейін соңғы рет 2003 жылы ұлғайтылған болатын.